«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС теңгеріміндегі № 2 қосалқы станцияда апат болды. Салдарынан 11, 12, 15 және 16 шағынаудандардың бір бөлігі, сондай-ақ Желтоқсан, Әлімбетов, Төреқұлов, Сайрам, Елшібек батыр, Мәделі Қожа, Түркістан көшелері мен Тәуке хан даңғылының жекелеген учаскелері электр қуатынсыз қалды.
Қазір оқиға орнында апаттық-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр. Апаттың себебі анықталып, қалпына келтіру шаралары қолға алынған.
— Сағат 20:36–дан бастап ажыратылған аумақтардағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр. Электр желілерінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылар кезекпен қосылады, — деп хабарлады «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС.
Екінші апат БАМ шағынауданындағы Көктас көшесінде тіркелді. Көшені жарықтандыру бағаналарын орнату кезінде жерасты газ құбыры зақымданған.
Салдарынан жеке сектордағы 1 110 тұрғын үй, 30 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй, бір кәсіпорын және 20 коммуналдық-тұрмыстық нысан уақытша газсыз қалды.
— Апаттық бригада оқиға орнына жедел жетіп, газдың шығуын тоқтатты. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Газ иісі сезілген жағдайда тұрғындар 104 нөміріне дереу хабарласуы қажет, сонымен қатар газ құрылғыларын қоспауға, ашық от қолданбауға, үй-жайды желдетуге және ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз, — деп мәлімдеді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
Бұдан бұрын қатты желден кейін Қызылорданың біраз бөлігі жарықсыз қалғанын жазған едік.