Шымкентте арық үстіне орнатылған аялдама тұрғындарды алаңдатты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — «Шымқала» тарихи-мәдени кешені маңында аялдаманың су ағатын арықтың үстіне орнатылуы тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды.

Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желі қолданушылары аялдаманың орнатылуын сынға алып, оның тұрғындар үшін қаншалықты қауіпсіз әрі қолайлы екенін сұраған. 

Осыған байланысты Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы түсінік берді.

Басқарманың мәліметінше, аталған аялдама павильоны екі күн бұрын орнатылған.

— Қазіргі уақытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оны келесі аптада толық аяқтау жоспарланған. Аялдама маңын ретке келтіру барысында плиталар төселіп, басқа да қажетті шаралар атқарылады. Жұмыс барысына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, — делінген ведомство жауабында.

Бұған дейін Шымкентте жолайрық құрылысы барысында зообақ қоршауының бір бөлігі жер астында қалып қойғаны туралы жазғанбыз.