Шымкентте Арман Әбдешовке қатысты істен кейін басқармаға уақытша басшы келді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының уақытша басшысы болып басқарма басшысының орынбасары Дәурен Мұқанов тағайындалды.
Бұл шешім қазіргі басшы Арман Әбдешовке қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін қабылданды.
Дәурен Мұқанов 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол кәсіби жолын сәулет саласынан бастаған. 2010 жылы Қазақ бас сәулет -құрылыс академиясы жаныныдғы Сәулет колледжі бітіріп, кейін Қазақ бас сәулет-құрылыс академия кампусында оқуын жалғастырып, сәулетші мамандығын алды. Кейіннен біліктілігін кеңейтіп, Алматы университетінде және Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында білім алып, заңгерлік мамандық бойынша оқуды тәмамдады.
Алғашқы кәсіби қадамдарын ол жеке секторда жасап, Алматы облысындағы «Талғар Сәулет» компаниясында сәулетші болып еңбек етті. 2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, Талғар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінде жұмыс істеді. Мұнда ол бас маманның міндетін уақытша атқарушыдан бастап, бөлім басшысына дейінгі қызметтік жолдан өтті.
2022 жылы Мұқанов Талғар қаласының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін басқарды. Одан кейін Қарасай ауданында да осы саладағы бөлім басшысының міндетін атқарып, тәжірибе жинақтады. Бұдан соң жеке секторға қайта оралып, Алматы қаласындағы «Caspiy ProTek» компаниясында жоба бас сәулетшісі болып жұмыс істеді.
2025 жылдан бастап Дәурен Мұқанов Шымкент қаласында еңбек жолын жалғастырып, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында қызмет етті. Сол жылдың мамыр айында ол қаланың сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды, ал тамыз айында аталған ведомствоның уақытша басшысы міндетін атқаруға кірісті.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте сәулет басқармасының басшысы Арман Әбдешов ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ал кеше, Шымкент әкімдігі сәулет басқармасының басшысы ұсталғанын растады.