Шымкентте асырап алған балаларын қинаған емшінің әйелі тергеліп жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкентте қамқорлығына және асырап алған балаларын қинаған жергілікті емші ісіне сот нүкте қойған болатын. Бүгінде оның әйелі тергеліп жатыр.
6 баланы қорлаған Ұ.Смановтың әйелінің үстінен Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл ақпаратты қалалық Полиция департаменті растады.
«Аталған факті бойынша жергілікті тұрғынның әйеліне қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- делінген қалалық полиция мәліметінде.
Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз. Кейінірек емші туралы тың дерек шықты.
Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
Бұдан өзге Kazinform редакциясына емші асырап алған балалар туралы тың дерек келіп түсті. Ондағы мәліметте бүлдіршіндердің бірі аталған отбасыға небәрі 1,5 айлығында қамқорлыққа берілгені көрсетілген. Қамқорлыққа берілген балалардың арасында үш айлық егіздер де бар.
Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұратыны белгілі болды. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жиен немересі асырауға қалай берілгенін айтып берді.
Астана қалалық Білім басқармасына емшінің қамқорлығына берілген егіз балалар елордаға қайтарылатынын айтты.
Қоғамдық резонанс тудырған іс сотқа келіп түсті.
Көп ұзамай асырап алған балаларын қорлады деген айып тағылып отырған емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.
ІІМ Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында асырап алған алты баланы азаптады деген күдікке ілінген емшінің мамандандырылған ауруханада жатқанын айтты.
Ал Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізгенін мәлімдеді.
Асырап алған балаларын қорлаған емшінің 31 жыл бұрын адам өлтіргені расталды.
Емшінің адвокатының айтуынша, ол психикалық ауытқуына байланысты 1995 жылдан бері есепте тұрған. Оған шизофрения диагнозы қойылған.
Ұ.Смановқа қатысты іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот актісімен емші психикалық ауытқуына байланысты есепте тұрғандықтан жазадан құтылды. Оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.