Шымкентте әскерден қашпақ болған жігіт үшінші қабаттан секірген

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте әскерге шақыруға қатысты оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Фото: ҚР ІІМ

Желіде тараған ақпаратқа қарағанда, әскерге шақыру кезінде полиция қызметкерлерінен қашуға әрекет жасаған азамат компьютерлік клубтың үшінші қабатынан секірген. Оқиға салдарынан ол ауыр жарақаттанып, бірнеше күн комада болған.

Жағдайға қатысты Шымкент полиция департаменті түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 11 мамырда қаладағы компьютерлік клубтардың бірінде болған. Ғимараттың үшінші қабатынан 24 жастағы жігіт секіріп кеткен.

— Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ полиция оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Бұған дейін Шымкенттен 1 200-ден астам азамат әскерге шақырылатыны туралы жазған едік.