Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар бір жылда 63,7 пайызға төмендеген.
ҚР Әлеуметтік кодексі талаптарына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға шартты немесе шартсыз ақшалай көмек ретінде беріледі.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында қаладағы 1 519 аз қамтылған отбасыға тиесілі 7 771 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
– Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Мәселен, 2025 жылы 5 158 отбасыдағы 27 238 адам аталған көмекті алған. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 63,7 пайызға азайған, - делінген басқарма ұсынған ақпаратта.
Мамандар бұл өзгерісті халықты жұмыспен қамту бағытында жүргізілген жүйелі шаралардың тиімділігімен байланыстырады.
– Сонымен қатар бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қолдау шаралары да жалғасып жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезеңде әр балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 6 488 теңге мөлшерінде қосымша төлем қарастырылған. Есепті кезеңде бұл көмек 1 320 отбасыдағы 2 595 балаға тағайындалды, - деді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 31 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған.
Бұдан бұрын 2025 жылы елде 292 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілгенін жазған едік.