Шымкентте ауыр атлетикадан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте 2026 жылдың 10 ақпанында ресми түрде ашылған ауыр атлетикадан 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

10-16 ақпан аралығында өтетін турнирге еліміздің 16 аймағынан үздік атануға және жаңа жеке рекорд орнатуға дайын 200-ден астам ең мықты спортшы бас қосты.

Фото: Kazinform

Чемпионаттың ашылу салтанаты іс-шараның ауқымдылығын көрсетті. Оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, ҰОК вице-президенті – Ауыр атлетика федерациясының басшысы Гаджи Гаджиев, республикалық Ауыр атлетика федерациясының вице-президенті, Шымкент Ауыр атлетика федерациясының президенті Мұрат Жолдықожаев, аймақтық федерациялардың басшылары, ҚР Ауыр атлетикадан ұлттық құрама мүшелері және танымал қазақстандық гимнаст Әлия Юсупова қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында жаттықтырушыларға қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің атынан спортты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табысталды. Шымкент қалалық федерациясының басшылығы жарысқа қатысушыларға арналған жүлде қорын жариялады.

Фото: Kazinform

- Біз ауыр атлетика бойынша спортшыларды дайындап, жоғары деңгейде ұлттық чемпионаттар ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға тырысып жатырмыз. Бұл қазақстандық атлеттерді ынталандырып, олардың халықаралық деңгейде сәтті өнер көрсетуі үшін қажетті маңызды қадам. Біздің мақсатымыз - спортты насихаттап, дені сау, жастарды қалыптастыру, - деді  чемпионаттың бас ұйымдастырушысы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдықожаев.

Чемпионат 16 ақпанға дейін жалғасады. Қатысушылар жұлқа және серпе көтеру ережелерінде жоғары деңгейдегі техникалық шеберліктерін көрсетіп отыр. Бұл жарыс – Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі құрамына болашағынан үміт күттіретін спортшыларды іріктеудің маңызды кезеңі.

Осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы допингке бақылауды күшейткені туралы жаздық.