Шымкентте әйелдің жасөспірімге күш қолданғаны туралы видео тарады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте әйелдің жасөспірімді қылқындырып, оның мойнында қолының іздері қалғаны түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жазба авторының айтуынша, күш қолданған әйел мұғалім болуы мүмкін. Сондай-ақ оның мәліметінше, оқиғаға байланысты полицияға жүгінгенімен, құқық бұзу белгілері анықталмағаны туралы қорытынды шығарылған. 

Оқиғаға қатысты Шымкент қаласының полиция департаменті түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, 6 қыркүйекте Шымкент тұрғыны кәмелетке толмаған ұлына дене жарақатын салу фактісі бойынша полицияға арызданған.

— Анықталғандай, қаладағы медициналық зертханалардың бірінде жасөспірім мен әйел арасында жанжал туындап, әйел жасөспірімге күш қолданған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген полиция хабарламасында.

Полиция құқық бұзушылық белгілері анықталмағаны және азаматтың өтініші қараусыз қалғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін нақтылады. Сондай-ақ қылмыстық іс материалдары 21 қыркүйекте сотқа жолданғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Шымкентте әйеліне күш қолданған ер адамның ұсталғанын хабарлаған едік