Шымкентте балалар ойын алаңындағы сынған жабдықтар тұрғындарды алаңдатты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте тұрғындар Мұстафа Өзтүрік көшесіндегі балаларға арналған ойын алаңының жағдайына шағымданды.

Видеодан алынған кадр

Олардың айтуынша, алаңдағы ойын жабдықтары жарамсыз күйге түсіп, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.

Тұрғындардың мәліметінше, «Хоттабыч» дүкеніне қарама-қарсы орналасқан ойын алаңындағы құмсалғыш қоқысқа толған.

Видеодан алынған кадр

Сырғанақтардың кейбірі сынып, әткеншектер пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне арналған жұмсақ төсеніштердің бірқатар бөлігі жыртылып, ажырап кеткен. 

Алаңның жарықтандырылуы да тұрғындарды алаңдатады. Олардың сөзінше, аумақта бір ғана жарық бағаны бар, ол да толық жарық бермейді. Соның салдарынан кешкі уақытта ойын алаңы қараңғы болып қалады.

— Бұл жерде күн сайын кешке балалар ойнайды. Сынған сырғанақтарға шығып, жүгіріп жүреді. Бір күні сырғанақ құлап, бала жарақаттанып қала ма деп алаңдаймыз, — дейді тұрғындар.

Осыған байланысты Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімдігі түсінік берді.

— Бұл шағым бойынша «Еңбекші» КММ тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, ойын алаңы аумағындағы шашылған қоқыс жиналып, санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, ойын алаңындағы сынған және бүлінген элементтер ретке келтірілді. Ал ажырап, көтеріліп кеткен жұмсақ төсеніштердің бүлінген бөліктерін қайта төсеу бойынша тиісті тапсырма берілді. Жұмыстар белгіленген тәртіппен жүргізіледі, — деп хабарлады әкімдік.

Бұған дейін Шымкентте тұрғындар жолайрық құрылысындағы көлік кептелісіне шағымданғанын жазған едік.