Шымкентте биыл скрининг көмегімен мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Шымкентте жыл басынан бері скринингтің көмегімен 1000-нан астам адамнан қатерлі ісік ауруы анықталды.

Фото: turantimes.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалының мәліметінше, МӘМС шеңберінде жүргізілген медициналық профилактикалық тексерулер 1160 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обыры және 44 адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға мүмкіндік берген. 

Ауруды ерте сатысында анықтаудың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдауға кіріскен.

Айта кетсек, скринингттік тексерулердің көмегімен қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтап, асқынулардың алдын алуға болады. Медициналық профилактикалық тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жүргізіледі. Жыл басынан бері аталмыш тексеру аясында Шымкентте 3276 адамда қан айналымы жүйесінің аурулары, 500-ден астам тұрғыннан қант диабеті мен глаукома анықталған.

Мамандардың айтуынша, скринингтік тексерулер мінез-құлықтық тәуекел факторлары, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті, жатыр мойны обыры, сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректалды обыр, глаукома, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. 

Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар, 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі.