Цифрлық талдау нәтижесінде еңбекақы төлеу жүйесі мен балалар контингентін есепке алу кезіндегі сәйкессіздіктер және қайталанатын ваучерлер фактілері тіркелді.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарындағы еңбекақы төлеу жүйесінде 1 млрд 709 млн теңге көлемінде артық оқу жүктемелері және 1 млрд 298 млн теңге көлемінде өңірлік үстемақылар бойынша сәйкессіздіктер анықталған.
– Прокуратура «Qarqyn» жобасы арқылы анықталған сәйкессіздіктерге байланысты ұсыныс енгізді. Нәтижесінде бірқатар білім беру ұйымдарында қаржыны қайтару және басшыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізілді, – деді қалалық білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов.
Оның айтуынша, балалар контингентін талдау барысында басқа өңірлерде тіркелген 2808 бала және өзге аймақтардың медициналық ұйымдарына тіркелген 2228 бала анықталған.
Бұдан бөлек мектепке дейінгі ұйымдарда 2261, қосымша білім беру ұйымдарында 6758 баланың негізсіз шығарылғаны, сондай-ақ 8524 қайталанатын ваучер бары белгілі болған.
– Негізсіз шығарылған балаларға қатысты айтар болсақ, пилоттық жобаға өткен кезде аталған балалар белгісіз себептермен растау кезеңінен өтпей, жүйеге енгізілмеген. Ата-аналар тарапынан да қайта тіркелуге өтінім түспеген. Сондықтан бұл санаттағы балалар есептен шығарылды, – деді спикер.
Бұған дейін Шымкенттегі 83 мектепте мұғалімдердің жүктемесі нормадан асып кеткені туралы хабарлаған едік.