Шымкентте бопсалау және қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Фото: видеодан алынған кадр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Тінту барысында ұсталғандардан атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді.

Полицияның хабарлауынша, ұсталған топ өкілдеріне, бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасады, тонау және бопсалаумен айналысты деген күдік келтіріліп отыр.

Тергеу мәліметтері бойынша, ұйымдастырушы сенімді адамдары арқылы қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру үшін ірі көлемде ақша жатуы ықтимал орындарды анықтайтын болған.

Сонымен қатар ол түнгі клубтардың бірін өз бақылауына алып, «қамқорлығы» үшін ай сайын 2,5 млн теңге алып отырған. Жедел жұмыстар барысында қылмыстық әрекеттерді ұйымдастырушы мен оның серігі ұсталды.

-Тінту барысында олардан атыс қаруы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы топтың тағы 5 мүшесі ұсталды. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Операция қала прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырыды, - деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаментінен.

Осыған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 50-ден астам іс қозғалғаны туралы хабрлаған болатын.