Шымкентте босанған әйелдің қайтыс болуы бойынша тергеу басталды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте босанғаннан кейін қайтыс болған 28 жастағы Зарина Сұлтанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Полицияның хабарлауынша, аталған дерек бойынша қазіргі таңда кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

— Аталған жайтқа қатысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды, — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айте кетейік, марқұм 20 тамыз күні ұл баланы дүниеге әкелген. Алғашында жағдайы қалыпты болғанымен, көп ұзамай қайтыс болды. Туыстары медициналық бақылау болмағанын айтып, дәрігерлерді кіналап отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында ана өлімі екі есеге өскенін жазған болатынбыз.