Шымкентте бұрынғы қалалық тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары 9 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы қалалық тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары мен жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Фото: Kazinform

Шенеунік Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары бола тұра, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығына техникалық зерттеу жүргізуге қатысты мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалмаған жұмыстарды және көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдаған. Содан бюджеттің жалпы 367 млн теңгеден астам ақшасын сотталушы жеке кәсіпкердің көмегімен жымқырған.

Кәсіпкер басқа тұлғалардың атына тіркелген және тендерлер бойынша жеңімпаз болған ЖШС-тер арқылы ақша алған.

Ал, шенеуік болса өзінің ата-анасының атына тіркелген монша кешенін салып, осы арқылы қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған.

Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, жасырын тергеу әрекеттерімен, стенограмма, сарапшылардың және мамандардың қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған құжаттар жиынтығымен толық дәлелденді.

«Сот, сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың әрқайсысының асырауында жасөспірім балаларының болуына назар аударды. Сотталушы шенеунік ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті мүлкін тәркілеп, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кәсіпкер ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігінің, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ» - делінген Шымкент қалалық соты таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жаттықтырушылар мен әдіскерлерге біліктілік санаттары негізсіз берілгенін жазған болатынбыз.