Шымкентте дәрігерлерді ұрмақ болған ер адам қамауға алынды
Шымкентте дәрігерлерді ұрмақ болған ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасап, қол жұмсамақ болған ер адамның видеосы тарады. Онда күдіктіні жедел жәрдем қызметкерлері күштеп ұстап тұрғанын көруге болады. Ал, ер адам көпшілікке бағынбай бейәдеп сөздер айтып, тіпті дәрігерлерге күш қолданбақ болған.
Аталған оқиғаға қатысты пікір білдірген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық бұзушының ұсталғандығын мәлімдеді.
«20 қыркүйек күні кешке Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының 102 арнасына қаладағы медициналық мекемелердің бірінен шақырту келіп түсті. Жедел жәрдеммен жеткізілген науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде медқызметкерлерге шабуыл жасаған. Құқық бұзушы ұсталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша ҚР-ның заңнамасы аясында тиісті шара қабылданады», - делінген ведомство ұсынған ақпаратта.