Шымкентте денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Сәуле Дүйсенбаева тағайындалды.
Сәуле Сансызбайқызы Дүйсенбаева 1974 жылы 7 маусымда ОҚО, Мақтарал ауданы, Ильичевка ауылында дүниеге келді. Білімі — жоғары. Ол Қырғыз медициналық академиясын (1991 — 1997 ж. ж.) емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдаған, біліктілігі-дәрігер. Сонымен қатар Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университетінде (2013 — 2015 ж. ж.), «Мирас» университетінде оқыған.
Еңбек жолын 1997 жылы Өзбекстан Республикасы Жиззақ қаласында Ана мен бала орталығының акушерия және гинекология бойынша дәрігер-интерні болып бастаған.
Кейіннен 1998 жылы Өзбекстан Республикасы, Жизақ облысы Гагарин қаласындағы «Мырзашол» емханасында акушер-гинеколог дәрігері, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі, бас акушер-гинекологі, УДЗ дәрігері, перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
2009 жылы Атырау қаласындағы облыстық перзентханада акушер-гинеколог дәрігері қызметінде болды.
2010 жылы Астана қаласының №3 қалалық перзентханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеді.
2011 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №4 облыстық перинаталдық орталығының 2 акушерлік-физиологиялық бөлімшесінің меңгерушісі болды.
2017 жылы Шымкент қаласы №2 Облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары, гинекология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2018 жылы Шымкент қалалық перинаталдық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушысы болды.
2021 жылдан бастап Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
Бұған дейін Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы тағайындалды.