Шымкентте Экономикалық тергеу департаментінің қызметкері сотталды

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) жедел уәкілі Заманбек Тұрсыналыға қатысты үкім шығарды.

Сот оны қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау және пара беруге итермелеу бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушының әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі және 367-бабы 2-бөлігімен сараланған.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында З.Тұрсыналы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері тарапынан қылмыс үстінде ұсталған. Тергеу барысында оның жергілікті тұрғыннан мәселені «шешіп беру» үшін, яғни ақшаны тергеушіге беремін деген желеумен қаражат талап еткені анықталған.

Сот үкімімен айыпталушыға 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұған дейін күдіктінің жол жиегінде ұсталған сәті әлеуметтік желілерде тараған еді. Заңсыз сыйақы көлемі 300 мың теңгені құраған.

Айта кетейік, Шымкентте полиция интернет-алаяқтыққа қатысы бар шетелдікті ұстады.