Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:37-де 110 кВ желісінде апатты жағдай тіркеліп, электр беру желілері ажыратылды.
– Электрмен жабдықтауды шектеуге «KEGOC» АҚ-ның магистральдық желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болды. Сағат 14:37-де оңтүстік өңірде 500 кВ «Солтүстік – Оңтүстік» және «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттері бөлініп, осыған байланысты апатқа қарсы автоматика жүйелері іске қосылды, – деп хабарлады ведомстводан.
Электр энергиясын берудегі шектеулер Сәуле, Ақжар, Ақтас, Жаңаталап, Тұрлан, Тельман, Коммунизм, Отырар, сондай-ақ 17 және 18-шағын аудандарды қамтыды.
Шымкент бойынша электр қуатын шектеудің жалпы көлемі 114,4 МВт болды. Апат салдарынан 38 760 жеке және 4 790 заңды тұлға тұтынушысы, барлығы 43 550 абонент электр қуатынсыз қалды.
Қазір Шымкенттегі тұтынушыларға электр энергиясы толық қалпына келтірілді.
Бұған дейін «KEGOC» АҚ желілері бойынша электрмен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілгені туралы хабарлаған едік.