Шымкентте ер адам науқасты соққыға жығып, ауруханада полицияға қарсылық білдірген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Нәтижесінде зардап шеккендердің бірі жабық бас ми жарақатын алды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде таралды. Кадрларда ер адамның дөрекі сөздер айтып, науқасты ұрып, полиция қызметкерін итеріп жатқаны айқын көрінеді. Сонымен қатар, ол ұлтаралық араздықты қоздыратын сөздер айтады.
— 9 тамыз түнгі уақытта № 1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде пациенттерге ілесіп келген азаматтардың арасында жанжал шықты. Жанжал барысында бір азамат жабық бас ми жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланады. Оқиға туралы дереу полицияға хабарланды, — деп хабарлады қала денсаулық сақтау басқармасы.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық жағдайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеудің барысы полиция басшылығының бақылауында, — деді Шымкент полиция департаментінен.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі «полковник сарайы» туралы фейк қылмыстық іске ұласқанын жазған болатынбыз.