Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы қолға түскен. Тергеу дерегіне сәйкес, олар жеке автокөлікпен синтетикалық есірткінің ірі партиясын Алматыдан Шымкентке жеткізіп, кейін еліміздің оңтүстік өңірлеріне таратуды көздеген.
Көлікті тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған герметикалық төрт орама табылды.
– Ұсталғандардың телефондарын тексеру барысында интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің кураторымен жазысқан хат-хабарлары анықталды. Сондай-ақ есірткіні тасымалдағаны үшін криптовалюта арқылы төленген сыйақылар туралы мәліметтер табылды, – делінген ІІМ хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, ерлі-зайыптының қамқорлығында кәмелетке толмаған үш бала болғанына қарамастан, олар заңсыз табыс табу жолын таңдаған. Жауап алу кезінде күдіктілер кінәларын толық мойындаған.
Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
– Жолы кесілген әрбір есірткі өткізу арнасы – дер кезінде тоқтатылған қауіп және ең алдымен жастарды есірткінің жойқын әсерінен қорғау. Ішкі істер министрлігі есірткі желілерінің қызметін олардың жасырыну тәсілдеріне қарамастан, мейлі көшеде болсын, мейлі цифрлық кеңістікте болсын, қатаң әрі дәйекті түрде тоқтату жұмысын жалғастырады, – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, Өскеменде екі жігіттен 90-нан астам есірткі орамасы тәркіленді.