Шымкентте есірткі бойынша есепте тұрған 7 азамат медициналық тексеруден өтпеген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте есірткі тұтынуы себепті есепке алынған 7 азамат дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, міндетті медициналық зерттеп-қаралудан және емделуден жалтарған. Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасы мәлім етті.
— Прокуратураның бастамасымен аталған тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 429-бабының 2-бөлігінесәйкес әрқайсысы 19 660 теңгеге айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды және алдағы уақытта жүйелі түрде зерттеп-қаралатын болды, — делінген хабарламада.
Бұл бағыттағы жұмыстар прокуратураның ерекше бақылауында.
Құзырлы органның мәтілметінше, есірткіні тұтынуға байланысты есепте тұрған адамдар алғашқы 6 айда ай сайын, содан кейін тоқсанына кемінде бір рет медициналық тексеруден тұрақты өтуге міндетті.
Бұл ереже Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен белгіленген.
Прокуратура медициналық тексеруден өту тәртібін сақтауға және денсаулық пен емдеу мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.