Шымкентте есірткі сайттарын жарнамалаған күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте полицейлер жедел іс-шаралар барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты интернет-ресурстардың жарнамасын таратқан жергілікті тұрғынды ұстады.

Фото: Kazinform

Тергеу барысында ер адамның қала аумағында есірткі сататын тыйым салынған сайттардың жарнамасы бар жапсырмаларды орналастырғаны анықталды. Жарнамалық материалдарда жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынылып, есірткі заттарын таратуға қатысты интернет-ресурстардың мекенжайлары көрсетілген.

Есірткі сайттарының жарнамасы бар жапсырмалар тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция ескертеді: есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестерді насихаттау немесе жарнамалау — мүлікті тәркілеу және 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.

Ал білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда есірткі құралдарын жарнамалау немесе насихаттау, сондай-ақ мұндай әрекеттерді бірнеше рет жасау — мүлікті тәркілеумен қатар, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Айта кетелік есірткіге тәуелділік мәселелері бойынша кеңес беретін жаңа сервис іске қосылған еді