Шымкентте есірткімен айналысқан екі шетелдік ұсталды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан екі шетелдік ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері жедел іс-шаралар нәтижесінде есірткі заттарын жасырын орындарға қоюмен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Тексеру барысында олардың бірінен алдын ала өткізуге дайындалған 8 орама есірткі және скотчпен қапталған полиэтилен пакетіне салынған ұнтақ түріндегі есірткі заты тәркіленді. Салмағы — 200 грамм.

Белгілі болғандай, ол қаладағы қонақ үйлердің бірінде тұрып, қала аумағында байланыссыз жолмен есірткі таратумен айналысқан және жасырын орындардың мекенжайымен мессенджерде бөлісіп отырған. Екінші күдіктіден өткізуге дайындалған 25 орама есірткі заты табылып, тәркіленді.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар қамауға алынды.

Осыған дейін Астанада есірткі зертханасы жойылып, үш қылмыстық топ ұсталғаны туралы жаздық.