Шымкентте есірткіні жарнамалайтын граффити салған және есірткі таратқан күдікті ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан жас жігітті қолға түсірді. Күдіктіні тінту кезінде заңсыз айналымнан өткізуге дайындалған, ішінде психотроптық заттары бар 40-қа жуық орама тәркіленді.

Фото: видеодан алынған скрин

Жедел-тергеу амалдарының нәтижесінде ұсталған азаматтың қала аумағында тыйым салынған заттарды арнайы жасырын орындарға (закладка) тығып, олардың геолокациялық координаттарын мессенджерлер арқылы сатып алушыларға жолдап отырғаны анықталды. Сонымен қатар, күдіктінің шаһардағы ғимараттардың қабырғаларына есірткі құралдарын саудалайтын интернет-ресурстарды насихаттайтын граффити жазбаларын салумен айналысқаны белгілі болды.

Аталған құқық бұзушылық деректері бойынша қылмыстық істер қозғалып, қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын анықтауға және оны жоюға бағытталған «Stop-граффити» жедел-профилактикалық іс-шарасы іске асырылуда. Осы уақытқа дейін арнайы шара аясында, әсіресе білім беру мекемелерінің маңында орналасқан 400-ге жуық есірткіні жарнамалайтын заңсыз жазба жойылды. Пәтер иелері кооперативтері мен құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жүйелі жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекеттік қызметшілер міндетті есірткі скринингінен өтеді