Шымкентте фармацевтикалық қызмет саласында 73 заң бұзушылық анықталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте дәрілік заттарды сату және сақтау талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті департаментінің басшысы Айгүл Садықованың айтуынша, қалада фармацевтикалық қызметпен айналысатын 868 нысан бар. Оның 650-і – дәріхана.

– 2026 жылдың тоғыз айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 73 заң бұзушылық анықталды. Олардың 34-і бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сондай-ақ 53 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 15,7 млн теңгеден асты, – деді Айгүл Садықова.

Жиі кездесетін заң бұзушылықтар қатарында фармацевтикалық қызметті заңсыз жүзеге асыру, дәрілік заттарды рецептсіз сату, сондай-ақ тіркелмеген препараттарды сақтау және өткізу бар.

Спикердің сөзінше, халыққа тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың жолын кесуге ерекше назар аударылып отыр.

Дәрілік заттардың айналымын бақылау үшін ISMET.KZ таңбалау жүйесі қолданылады. Ал «NAQTY ONYM» мобильді қосымшасы арқылы дәрілік зат туралы ақпарат пен оның шекті бағасын тексеруге болады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда «Е-өтініш» жүйесі арқылы шағым жолдау мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін елімізде мерзімі өткен дәрілердің 7,5 мың рет сатылғаны туралы хабарлаған едік.