Шымкентте интернет-алаяқтарға алданған тұрғындардың 214 млн теңгесі қайтарылды - полиция

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте алты айда интернет-алаяқтықтың 300-ден астам дерегі анықталды.

Фото: Polisia.kz

Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтың айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қалада интернет-алаяқтықтың 330 фактісі тіркелген.

– Қылмыстардың ашылу деңгейі 41,3 пайызды көрсетіп, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болды. Жәбірленушілерге 214 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар 3,3 мыңнан астам банк шоты бұғатталып, 15,5 млн теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеді, – деді ол.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қылмыстық топтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылған. Сонымен қатар дропперлер мен киберқылмысқа қатысы бар тұлғалар ұсталған.

Сондай-ақ қалада жұмыс істеп тұрған ANTIFRAUD CALL CENTER орталығы тәулігіне шамамен 1 700 алаяқтық қоңырауды бұғаттайды.

Бұған дейін Шымкентте киберқылмыс жасағаны үшін 37 адам жауапқа тартылғаны туралы хабарлаған едік.