Шымкентте ипотекасын төлей алмаған көпбалалы отбасы баспанасыз қала жаздады

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент тұрғыны ипотекалық компаниямен құны 13 миллион теңгеден асатын үш бөлмелі пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шартын жасасқан. Бірақ  кейіннен 2 миллион теңгеден астам сомада қарыз болып қалған, деп хабарлайды Шымкент қалалық соты.

Компания қарызды өндіріп алу, жалдау шартын бұзу және жалға алушыны үйден шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі — жауапкер қарыз сомасына дауласпаған. Материалдық жағдайының қиындығын алға тартып, оны пәтерден шығармауды, қарызды өтеуге және дауды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беруді сұрады. Бұл ретте Азаматтық кодекске сәйкес төлем кестесін бұзу — жалдау шартын бұзуға негіз саналады.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында тараптар бітімгершілік келісімге келе алмаған. Сондықтан сот істі мәні бойынша қарап, талап қоюды қанағаттандырды: қарызды өндіріп алып, жалдау шартын бұзып, төрт баласы бар жауапкерді үйден шығару туралы қаулы шығарды. Алайда апелляциялық сатыда тараптар татуласып үлгерді.

— Шымкент қалалық сотымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Жасалған келісімдерге сәйкес, жауапкер осы үйде отбасымен тұруын жалғастыра отырып, салықтық қарызды өтеуге міндеттенді. Сатып алу құқығымен жалдау шартының талаптары тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін әрекет етеді. Ұйғарым заңды күшіне енді, — делінген сот таратқан ақпаратта.

Бұдан бұрын терроризмді насихаттаған шымкенттік 7,5 жылға сотталғаны мәлім болды.