Шымкентте қалыңдықты ұрлау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте қалыңдықты ұрлаған азаматқа қатысты тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.
Биыл 16 қаңтарда Шымкент қаласы полициясының кезекші бөліміне азаматша М.А. қызын үйлену мақсатында белгісіз ер азаматтың ұрлап кеткені туралы шағымданған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігінің 1) тармағының негізінде (адамды ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, нәтижесінде Маңғыстау облысының «Г» есімді тұрғыны ұсталып, екі айға қамауға алынды.
«Тергеп-тексеру барысында барлық мән-жай анықталады. Мұндай қылмысты жасағаны үшін кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, оларға қатысты 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды. Іс қала прокуратурасының ерекше бақылауына алынды», - делінген Шымкент қаласының прокуратурасы таратқан ақпаратта.