Шымкентте кәсіпкерлер саны 141 мыңға жетті

Фото: Алматы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кәсіпкерлікті қолдау және қаланың экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндады.

Әкімнің айтуынша, қалада жаңа бастамаларды дамыту мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын үш шағын өндірістік алаңның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл аумақтарда 50-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– Өткен жылдан бастап кәсіпкерлерді ашық және адал салық төлеуге ынталандыру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендеткен болатынбыз. Нәтижесінде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсімдер 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге, яғни үш есеге артты. Биыл жаңа Салық кодексіне байланысты бұл шешімді қайта қабылдап, келесі жылдан бастап жеңілдік пайдаланатын кәсіпкерлер саны 8 мыңнан 102 мыңға дейін көбейеді, - деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Әкімнің мәліметінше, соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Шымкенттегі белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жетті. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 250 мың адамнан асты.

Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41 пайыздан 58 пайызға артты. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 20 млрд теңге бөлініп, 1 971 жоба қаржыландыру мен қолдау алды.

Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, қала аумағындағы 19 базардың 15-і толық модернизациядан өткен. Қалған төрт базарда жаңғырту жұмыстары биыл аяқталып, барлық базарлар жаңа стандарттарға сәйкестендіріледі. Сонымен қатар ол сөзінде өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартудың қала экономикасына тікелей әсер ететінін атап өтті. 

– Қазіргі таңда ашылған өндіріс орындары мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жыл басынан бері 34 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, - деді қала әкімі.

Сонымен қатар кейінгі 3 жылда Шымкент экономикасына қанша инвестиция тартылғанын жазғанбыз.