Шымкентте «қауіпсіз жаңа жыл» акциясы басталды

Пиротехникалық затты лицензиясыз сатушыларға әкімшілік айыппұл салынады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: polisia.kz

Шымкентте «қауіпсіз жаңа жыл» акциясы бастау алды. Акция аясында қала аумағындағы мерекелік іс-шара өткізілетін және адамдар көп шоғырланатын нысандарға өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Іс-шара барысында сәйкестілік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды жаппай сату, сондай-ақ рұқсат құжаттарсыз сатылатын фактілерді анықтау және оның жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Пиротехникалық затты сату үшін заңды тұлғаның тиісті лицензиясы болуы қажет. Ал, лицензиясы жоқ тұлғаның пиротехникалық заттарды сату жайттары анықталған жағдайда, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады», - деді Шымкент қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Сүлейменов.