Шымкентте қайтарылған активтер есебінен 300 орындық жатақхана салынып жатыр

Фото: Үкімет

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM –  Шымкент қаласында қайтарылған активтер есебінен ерекше оқытуды қажет ететін оқушылар білім алатын колледж жатақханасының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұл әлеуметтік нысан 300-ге жуық сөйлеу және т.б. кемістігі бар оқушыларды заманауи жайлы жатын орынмен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жатақханада оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалған: медицина кабинеті, спортпен жаттығу, тынығу бөлмелері және т.б. Қазіргі уақытта ғимараттың қабырғасын өру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаны осы жылдың желтоқсан айында аяқтап, қалалық Білім басқармасына пайдалануға тапсыру жоспарланған.

- Жобаны жүзеге асыру мерзімі мен құрылыс жұмыстарының сапасы бақылауда. Халықтың өмір сүруін жақсартуға тікелей әсер ететін жайлы жағдай жасау мақсатында қайтарылған активтерді ел игілігіне жұмсау жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, Түркістан облысында алғашқы модульді лагерь жатақханасы пайдалануға берілді.