Шымкентте Қазақстан Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысы басталар алдында делегация басшыларын суретке түсіру рәсімі өтті, деп хабарлайды Үкіметтің бапасөз қызметі.

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан отырысқа Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысады.

Бақылаушы мемлекеттерден Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Оскар Перес-Олива Фрага, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар бар.

Осыған дейін Шымкентте Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын форматтағы отырысы өткен болатын.

Отырыс барысында қатысушылар сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Жиын «Индустрия 5.0: Өзара іс-қимыл күші» тақырыбына арналған Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумының қарсаңында өткізіліп отырғанын атап өткен жөн, бұл да көпжақты диалогты тереңдетуге ықпал етеді.