Шымкентте кедергі келтірілген құны 800 млн теңге болатын жобаның мәселесі шешілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының Абай ауданында құны 800 млн теңге болатын инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кедергі келтірген инфрақұрылымдық мәселелер шешімін тапты. Прокуратураның араласуымен нысан газбен қамтамасыз етіліп, кіреберіс жолдар салынды. Нәтижесінде 20-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін жоба толыққанды іске асырылмақ.

Фото: Бас прокуратура

Шымкент қаласының индустриялық аймағында құны 800 млн теңгені құрайтын құрғақ қойма салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 20-дан астам жаңа жұмыс орнын құру және өңірдің логистикалық инфрақұрылымын дамыту көзделген.

Прокуратураның мәліметінше, жобаны іске асыру барысында инвестор бірқатар инфрақұрылымдық кедергілерге тап болған, атап айтқанда газбен қамтудың болмауы және жер учаскесіне кіреберіс жолдардың қиындығы құрылыс қарқынын айтарлықтай тежеген.

Аталған мәселелер инвестициялық жобаны прокурорлық сүйемелдеу шеңберінде анықталды. Шымкент қаласы Абай ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен үйлестіру арқылы қадағалау шараларын қабылдады.

Нәтижесінде объектіге газ құбыры тартылып, кіреберіс жолдар да қамтамасыз етілді. Бұл негізгі инфрақұрылымдық кедергілерді жойып, жобаны одан әрі іске асыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда жоба қалыпты жұмыс тәртібінде жүзеге асырылып жатыр. 

Айта кетейік, ШҚО-да прокуратура араласқаннан кейін 811 тұрғын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.