Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, қалада жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы алғашқы кезең наурыз-мамыр айларында атқарылған. Кене қаупі жоғары аумақтарды өңдеуге 18 маманнан тұратын 6 бригада жұмылдырылып, сұйық және құрғақ дәрілер қолданылған.
Сондай-ақ мамандар қоражайлар, гүлзарлар мен саябақтар аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, 4,6 млн шаршы метр жерге дәрілік сұйықтық сепкен.
– Биыл қаңтар-мамыр айлары аралығында қалада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен осы кезеңде кене шағу дерегі бойынша 475 адам медициналық көмекке жүгінді, - делінген ведомство хабарламасында.
Ресми мәліметке сүйенсек, кене шаққан азаматтардың дені басқа өңірлерде мал шаруашылығымен айналысу немесе демалыс кезінде зардап шеккен.
Бұдан бұрын СҚО-да 16 жастағы жасөспірім кене энцефалиті вирусын жұқтырып, ем алып жатқанын жазған едік.