Шымкентте қыстың соңғы айында жеміс ағаштары гүлдеді

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент тағы да көктемді күнтізбеден бұрын қарсы алды. Қыстың соңғы күндері қала ақ-қызғылт гүлге оранып, өрік пен бадам ағаштары бүр жарды. 

Көшелерді нәзік гүл көмкеріп, тұрғындар телефон мен фотоаппараттарын алып, серуенге жиі шыға бастады.

Жеміс ағаштары да бір мезгілде дерлік гүлдеді. Саябақтарда, скверлерде және аулаларда ағаш бұтақтары алғашқы гүл шоғырына толып, шаһардың шырайын аша түсті.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Шуақты көктемнің осы бір керемет сәттерін Kazinform фототілшісі Мақсат Шағырбай суретке түсіріп үлгерді. Бұл көріністер ақпаннан гөрі наурыз айының соңын көбірек еске салады.

Ағаштардың ерте гүлдеуіне биылғы қыстың ерекше жылы өтуі себеп болды. Қатты аяз тіркелмей, ауа температурасы көбіне оң көрсеткіштерде сақталды. Соның нәтижесінде тұрғындар жеңіл киіммен жүр.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Алайда мұндай жылы ауа райы бағбандарды алаңдатып отыр. Егер наурыз айының басында қысқа мерзімді үсік қайталанса, гүлдер зақымданып, өнімге кері әсер етуі мүмкін.

Синоптиктер ауа райының құбылмалы болатынын ескертті. 28 ақпанда Шымкентте жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, жел күшейіп, тұман түсуі ықтимал. Күндіз ауа температурасы +7…+9 градусқа дейін жылынса, түнде -2 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

— 1 наурызда жауын-шашын болмайды, күндіз ауа температурасы +9…+11 градус, ал түнде -2…-4 градусқа дейін салқындайды. 2 наурызда қайтадан жауын-шашын болуы мүмкін, түнде жаңбыр аралас қар жауып, ауа температурасы шамамен 0…+2 градусты көрсетеді, күндіз жаңбыр жауып, +9…+11 градусқа дейін жылынады, — деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Бағбандар ауа райы болжамын жіті бақылап отырған кезде, қала көктемге дайындық жұмыстарын да қарқынды жүргізіп жатыр.

Қазір гүлзарларда алғашқы қызғалдақтар қылаң бере бастады. Әзірге олардың саны аз болғанымен, жақын арада гүл композициялары ауқымды болмақ. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Шымкентте 13 учаскеге және қалалық саябақтарға 1,6 миллион қызғалдақ отырғызылды.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Сонымен қатар жылыжайларда 2 миллионға жуық біржылдық гүл өсіріліп жатыр. Мамандар тамшылатып суару әдісін қолданып, агротехникалық талаптарды сақтай отырып, көшет қорын алдын ала дайындаған.

— Бұл қажетті гүл қорын дайындап, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деп хабарлады қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдері.

Асар шағынауданында 2 гектар аумақта көпжылдық өсімдіктер өсірілетін жылыжай кешені жұмыс істейді. Мұнда тұқым себу және көшет дайындау жұмыстары аяқталған. Биыл алғаш рет қала орталығындағы көшелер осы кешенде өсірілген гүлдермен безендірілмек.

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Жалпы, қала көшелеріне эхинацея, көк сальвия, лаванда және ашық түсті гайлардия сынды 4 миллионға жуық өсімдік отырғызу жоспарланып отыр.

Шымкентте көктемнің лебі сезіле бастағанымен, Қазақстанның басым бөлігінде қыс ызғары әлі қайтқан жоқ. Бірқатар өңірлерде аяз болып, дауылды ескерту жарияланған.

Алайда синоптиктердің болжамынша, 2 наурыздан бастап ел аумағында ауа райы жылына бастайды.

Бұдан бұрын Түркістандағы ботаникалық бақта қызғалдақтар бүр жарғанын жазған едік.