Шымкентте қоғамдық көліктер «төлем» жүйесінен ажыратылады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM- 1 мамырдан бастап қоғамдық көліктерде «төлем» жүйесінің валидаторлары толығымен ажыратылатын болады.
Бұл шешім «төлем» жүйесінің операторы — «Qaz SmartTrans» ЖШС шарттық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамағанына байланысты қабылданған. Осыған орай, тараптар арасындағы келісімшарт біржақты бұзылды.
— Қоғамдық көлік пайдаланушыларын алдын ала құлақтандыру мақсатында валидаторларды өшіру процесі 1 мамырға дейінгі уақыт аралығында жүзеге асырылып келді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет хабарланған, — делінген Шымкент қаласының әкімдігі таратқан ақпаратта.
Бүгінгі таңда қалалық бағыттарда «Avtobys» электрондық төлем жүйесі тұрақты және толыққанды жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе арқылы:
-арнайы көлік карталарымен;
-QR-кодты сканерлеу арқылы;
-екінші деңгейлі банктердің төлем карталарымен (Visa, MasterCard, American Express, UniPay);
-сондай-ақ «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы төлем жасауға болады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жалған шот-фактура жасағандарға 85,1 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.