Шымкентте қоқыс полигонын өртеу фактілері тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласының әкімдігі тұрмыстық қалдық шығарылатын қоқыс полигонының өртену фактілері туралы агенттік сауалына жауап берді.

Фото: Jibek joly

Шымкенттің қатты тұрмыстық қалдықтары Ақтас-1 елді мекеніндегі полигонға жеткізіледі. Соңғы жылдары Ақтас тұрғындары қоқыс полигонындағы жағымсыз өрт иісіне шағымданып келген еді. Экологтердің айтуынша, әсіресе полимер, пластмасса қалдықтар өртенсе, ауаға қатерлі ісік ауруын тудыратын канцерогенді заттар бөлінеді. 

Қала әкімдігі де полигонда бірнеше өртену фактілері болғанын растады.

«Себебі бұл полигон «МПЗ «Green Leen» ЖШС меншігінде болған және қалалық экология департаменті бұл үшін әкімшілік жауапқа да тартқан. Қазір тұрмыстық қалдықтар полигоны мемлекеттік меншікке қайтарылды, әкімдік содан бері өртену фактілері болмады, арыз-шағым түспеді», - деп жазылған әкімдік жауабында.

Бұл полигонға күніне 600-700 тонна тұрмыстық қалдық келіп түседі. Жеке сектордың да қатты тұрмыстық қалдықтары кесте бойынша аптасына 1-2 рет жиналып, полигонға тасымалданады. Онда қайта өңделетін заттар (пластик, шыны ыдыстар, қағаз және картон, металл) сұрыпталып, өңдеуге жіберіледі. Қалған аралас қоқыс полигонға көміледі.

Мәселен шымкенттік «ЕвроКристалл» кәсіпорны жыл сайын қаладан шығатын 8,5 мың тонна шыны қалдығын өңдейді. Нәтижесінде зауыт 200 мл-ден 3 литрге дейін түрлі формадағы сапалы шыны ыдыстарын жасап шығарады. Оның ішінде консервілеуге арналған банкалар, шырын, сыра, сода, шарап, ликер-арақ өнімдеріне арналған бөтелкелер бар. Бұл бұйымдар Қазақстан мен көршілес елдердің өңдеу және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылуда.