Шымкентте көліктер асфальт астына түсіп кетті: шығынды кім өтейді

Видеодан скрин

ШЫМКЕНТ. KAZIFORM — Шымкент қаласында автокөліктер асфальттың опырылуынан пайда болған шұңқырға түсіп кетті. Оқиға Күншығыс шағын ауданында болған. 

Бұл оқиға туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кең тарады. Кадрларда бірнеше автокөліктің шұңқырға түсіп кеткені анық көрінеді.

— Міне, бізде асфальтты осылай салады. Шұңқыр қазып, үстіне сәл топырақ тастай салады, ал көлік соған түсіп кетеді. Енді бұған кім жауап береді, — дейді бейнежазба авторы.

Қала әкімдігінің мәліметінше, оқиға ауызсу жүйесіне инженерлік желілер тарту құрылыс жұмыстары кезінде болған. Жобаның тапсырыс берушісі — «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС.

— Жерді қазу жұмыстары аяқталған соң, мердігер компания қазылған аумақты құммен толтырған, уақытша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда топырақ шөгіп, учаске опырылып түскен. Соның салдарынан көліктер шұңқырға түсіп кеткен, — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Мердігер компания зақымданған көліктердің иелеріне келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында Чапаев пен Жаңақала арасындағы жолдың талапқа сай еместігі туралы айтылып келеді. Мұнда көлік иелері жол сапасына шағымданды.