Шымкентте куәлігінен айырылған жүргізуші автобус айдаған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте бір тәулікте 500-ден астам құқықбұзушылық анықталды.

Фото: Видеодан скрин

Шымкент қаласында «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шараның алғашқы тәулігінде 543 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

— Оның ішінде такси қызметін заңсыз ұсынудың 72 дерегі, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзудың 68 фактісі, қауіпсіздік белдігін пайдаланбаудың 47 дерегі және техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын пайдаланудың 32 фактісі тіркелді, — делінген полицияның мәліметінде.

Сонымен қатар № 45 бағыттағы автобустың жүргізушісі қоғамдық көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды.

Тексеру барысында оның көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан ол қоғамдық көлікті басқаруын жалғастырған.

— Аталған құқық бұзушылық бойынша заң талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды, — деп хабарлады полиция.

Ведомство мәліметінше, жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету мақсатындағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

Бұған дейін Шымкентте автобус жүргізушісі жеңіл көлікті қасақана қаққанын хабарлаған едік.