Марқұмның досы әлеуметтік желіде таратқан ақпаратқа сәйкес, Әділ Тілектес керамикалық плитка өндіретін зауытта жұмыс істеген. Жұмыс барысында ол абайсызда электр сымына тиіп кетіп, тоқ соққаннан кейін биіктен құлаған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қала алмады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Kazinform сауалына берген жауабында оқиғаның 12 қыркүйекте болғанын мәлімдеді.
– Қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болуына байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс барысында электр тогына түсіп, жарақаты салдарынан қаза болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді, – деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаменті.
Әділ Тілектес 1998 жылы дүниеге келген. Ол еркін және грек-рим күресімен айналысып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы жарыстарға қатысқан.
2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан Республикасының II Спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінен чемпион атанды. 2019 жылы Қостанайда ересектер арасындағы командалық ел чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта бірінші орын алды. Спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанған.
Әділ Тілектестің артында жұбайы мен екі баласы қалды.
Бұған дейін Оралда ток соққан 10 жастағы бала көз жұмғанын жазған едік.