Шымкентте мефедрон сақтаған ер адамға қатысты үкім қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының тұрғыны аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін сотталғанымен, оның іс-әрекеті дұрыс сараланбағаны анықталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Фото: Pexels

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ер адам 200 грамм мефедронды өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденіп, сақтап және тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

— Алайда сот актісінің заңдылығын тексеру барысында сотталғанның әрекетінде Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарында көзделген қылмыс белгілері бар екені анықталған. Атап айтқанда, ол психотроптық заттарды адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтап және тасымалдаған деп көрсетілген. Осыған байланысты Бас прокуратура кассациялық наразылық енгізіп, нәтижесінде сот үкімінің күші жойылды. Қылмыстық іс жаңадан сот қарауына жіберілді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, аталған бап бойынша кінәлі деп танылғандарға мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бұрын Ақтауда шетелдік 1 келіге жуық апиынды жұтып, елге өткізбек болғанын жазған едік.