Оқиға тамыз айының соңында, кабинеттерді жаңа оқу жылына дайындау кезінде болған. Педагог Нұргүл Жанғабылованың айтуынша, мектеп әкімшілігі мұғалімдерге 1 қыркүйекке дейін терезелерді өздері жуып, сыныптарды ретке келтіруді тапсырған.
Мұғалім терезені жуу үшін орындыққа шыққан. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, еденге құлап кеткен. Оқиға мектепте орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Педагогтің айтуынша, құлағаннан кейін қатты ауырғандықтан, біраз уақыт орнынан тұра алмаған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізген.
Сонымен қатар директордың орынбасары Т. Күзүмбаева қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілгені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Білім басқармасының мәліметінше, мектепке материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге және қажетті жұмыстарды жүргізуге бюджет қаражаты бөлінген. Аталған қаражат заңнама талаптарына сәйкес мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс.
Емделіп шыққаннан кейін Нұргүл Жанғабылова мектептегі жұмысына қайта оралды.
Бұған дейін Алматыдағы мектептердің бірінде педагог кабинет тазалап жатқан видео жарияланғаннан кейін тексеру басталған болатын. Мұғалім өзіне және басқа педагогтерге кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстардың жүктелетінін айтқан.