Шымкентте мобильді байланыс сапасы төмен қанша аймақ бар

Фото: Anadolu

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Бүгінде қала аумағында 1 771 базалық станция жұмыс істейді.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемеловтың айтуынша, мобильді интернет пен байланыс сапасын жақсарту бағытында жыл басынан бері 19 жаңа базалық станция орнатылған. Оның 4-і 5G, ал 15-і 4G технологиясы негізінде қызмет көрсетеді.

— Қазіргі таңда қалада мобильді байланыс сапасына қатысты 8 осал аймақ анықталды. Биыл осы нүктелерді жою бағытында жұмыстар жалғасады. Дегенмен мұндай аймақтар өзгеріп отырады. Қаладағы құрылыс қарқынының артуы, жаңа нысандардың салынуы мен ескі ғимараттардың бұзылуы базалық станцияларға түсетін жүктемеге әсер етеді. Соның салдарынан байланыс сапасы төмендеп, жаңа осал аймақтар пайда болуы мүмкін, — деді спикер.

Ведомство мәліметінше, кейбір шағынаудандарда байланыс сапасының төмендеуіне тұрғындардың базалық станцияны орнатуға қарсылығы да себеп болып отыр. Осыған байланысты Қайнарбұлақ және Тұран-2 шағынаудандарында интернет сапасының төмендігі тіркелген. Жалпы жыл басынан бері қала аумағында осындай 10-нан астам жағдай анықталған.

Бұдан бұрын мобильді байланыс тарифтері не себепті өзгергенін жазған едік.