Шымкентте небәрі 740 және 935 грамм болып туған егіздер үйіне шығарылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте салмағы 740 және 935 грамм болып туған егіздер 85 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болды.

Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалы

Шымкент қалалық перзентханасының дәрігерлері жүктіліктің 29 аптасында өмірге келген егіз қыздарды аман алып қалды. Нәрестелер кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. 44 жастағы ана үшін көптен күткен егіздердің өмірге келуі қуанышпен қатар алаңдаушылық та тудырған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалының мәліметінше, шала туған сәбилер бірден жансақтау бөліміне жеткізіліп, алғашқы 23 тәулік бойы қарқынды медициналық көмек алды. Жағдайлары тұрақтанғаннан кейін нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды.

Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалы

Дәрігерлердің айтуынша, мерзімінен бұрын туғандықтан сәбилердің өкпесі толық жетілмеген. Оларға тыныс алу жүйесін қолдауға бағытталған ем жүргізіліп, бронх-өкпелік дисплазия бойынша медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер нәрестелердің тыныс алуын, тамақтануын және салмақ қосуын тәулік бойы бақылауда ұстады.

— Мұндай салмақта дүниеге келген нәрестелер ерекше күтім мен үздіксіз медициналық бақылауды қажет етеді. Егіздердің жағдайы біртіндеп жақсарып, салмақ қоса бастады. 85 күннен кейін оларды үйлеріне шығардық, — деді Шымкент қалалық перзентханасының дәрігер-неонатологы Нилуфар Тұрсыметова.

Қазір егіздердің жағдайы тұрақты. Анасы балалардың күтімін үй жағдайында жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері неонатологтар салмағы 500 грамға дейін болып туған екі сәбиге және салмағы 1,5 келіге дейінгі 150-ден астам нәрестеге медициналық көмек көрсеткен.

Бұған дейін елімізде егіздер мен үшемдер көбіне қай өңірде дүниеге келетіні туралы хабарлаған едік.