Шымкентте онлайн ойын сатып алмақ болған оқушы алаяқтарға 2 миллион теңге жіберген

Фото: Фото: pexels.com

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ол анасының банк картасының деректерін бөгде адамға жолдап, нәтижесінде 2 миллион теңгеден астам қаржыдан айырылды.

Шымкентте алтыншы сынып оқушысы онлайн ойын сатып алмақ болып, алаяқтардың арбауына түсті. Өзін «Free Fire» мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатушы ретінде таныстырған ер адам жеткіншекті алдап, оны карта мәліметтері мен аударым жасауға арналған құпия кодты жіберуге көндірген. Оқушы алаяқтың нұсқауына еріп, анасының банк картасын суретке түсіріп, қажетті ақпаратты жолдаған.

Шотынан ірі көлемде қаражаттың жоғалғанын байқаған анасы дереу полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ата-аналарға балаларымен интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі әңгімелесіп тұруды ескертеді. Ешқашан бөгде адамдарға банк картасының деректерін беруге болмайтынын қаперге салады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте «Дикий Арманның» айналасындағы адамдар сотталғанын жазған болатынбыз.