Шымкенттік полицейлер арнайы рейд жұмыстарының барысында тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орнын анықтаған. Енді олардың жұмыс істеу кестесіне өзгерістер енгізіліп, қызмет көрсету уақыты шектелуі мүмкін. Себебі, қаладағы құқық бұзушылықтар көбінесе сол аймақтарда тіркелген. Ведомствоаралық комиссия отырысында Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Думан Таев келеңсіздіктер жиі орын алатын орындар мен уақыттарды және жасалу себептерін талдап, нақты ұсыныстар айтты.
«Құқық бұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі. Рейд жұмыстары барысында тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталды. Осыған байланысты жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын айқындау қажет», - деді ол.
Шымкент қаласының әкімі құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді алдағы уақытта заң шеңберінде қарастыратынын, бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізуді тиімді деп ойлайтынын жеткізді.
«Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайларға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», - деді Ғабит Әбдімажитұлы.