Қайғылы оқиға 19 қазанда Күншығыс шағынауданында болған. Алдын ала мәліметке қарағанда, екі отбасы жалдап тұрған пәтерден 15 жастағы қыз бен төрт жасар баланың мәйіті табылды. Тағы бір бала мен оның анасы ауруханаға жеткізілді.
Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, 27 жастағы әйелдің жағдайы жақсарып, токсикология бөліміне ауыстырылған. Ал оның үш жасар қызы жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.
Шымкент қалалық полиция департаменті кәмелетке толмаған екі баланың қайтыс болғанын растады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
— Шымкенттегі пәтерлердің бірінде екі кәмелетке толмаған баланың қаза табуына байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге газ иісінен улану себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полиция.
Оқиғадан кейін пәтерді газ қызметінің мамандары тексерген. QazaqGaz Aimaq АҚ Шымкент өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Нұрбек Рахманов тексеру нәтижелері туралы айтты.
— Апаттық қызмет мамандары оқиға орнына барып, тексеру жүргізген кезде иіс газының мөлшері анықталмады. Қазір уәкілетті органдар тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде белгілі болады. Бұл үй газ плиталарын пайдалануға арналған. Алайда пәтерге қосымша газбен жұмыс істейтін су жылытқыш орнатылған. Мұндай үйлерде бұл жабдықты орнату қарастырылмаған, — деді Нұрбек Рахманов.
Пәтерге орнатылған газбен жұмыс істейтін су жылытқыштың балалардың өліміне қатысы бар-жоғын тергеу анықтайды.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының осы Күншығыс шағынауданында үш адамның қаза тапқаны туралы хабарлаған едік. Ақпан айында пәтерлердің бірінен әйелдің, оның ұлы мен әжесінің мәйіттері табылған. Ол кезде де өлімнің алдын ала себебі газдан улану деп болжанған.