Шымкентте полицейлер заңсыз ұстаған 31 адам босап шықты

Фото: Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Шымкент қаласының полиция басқармаларының ғимараттарынан 31 тұлға босатылды. Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Шымкент қалалысының прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын жүйелі түрде бақылап отырады.

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының ғимаратындағы қызметтік бөлмелерде адамдарды жеткізудің үш сағаттық мерзімін сақтау туралы Қылмыстық-процесстік кодекстің талаптарының орындалуын тексереді.

Жалпы прокурорлар биылғы жылдың 10 айында полиция ғимараттарында заңсыз ұсталған 31 адамды (оның ішінде Қаратау ауданында — 9, Тұран ауданында — 8, Әл-Фараби ауданында — 7, Абай ауданында — 5, Еңбекші ауданында — 2) босатқан.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 27 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.

— Біз Қылмыстық-процестік заңнамасының мүлтіксіз орындалуына ұмтылуымыз керек. Азаматтардың құқық қорғау органдарының ғимараттарында бір минуттан аса негізсіз болуына жол берілмеуі керек және олардың құқықтарын бұзғандар үшін салдары болады. Аталған жұмыстар жалғасуда, — деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бас прокурордың аға көмекшісі Асхат Ауқатов Мәжілістегі дөңгелек үстелде Семей қаласында «Жасыл даму» мекемесінің ақшасына алынған қымбат қондырғының ашық аспан астында тозып жатқанын мәлім етті.