Жергілікті көрерменге «Арал» деректі фильмі көрсетілді, оның басты кейіпкері - Күнтуған Тұрғанбаев өмірін балық аулауға арнаған қарт балықшы.
- Арал 1960 жылдары тартыла бастады, ал қазір Президентіміздің қолдауының арқасында теңіз біртіндеп қалпына келіп жатыр, - дейді Күнтуған аға.
Шымкент тұрғындары Президенттің Жапонияға ресми сапары туралы баяндайтын «Қуатты серіктес»фильміне қатты қызығушылық танытты. Фильмде тек дипломатиялық кездесулер ғана емес, сонымен қатар энергетика мен инфрақұрылым саласындағы экономикалық жобалардан бастап мәдени және білім беру бастамаларына дейін, соның ішінде университеттер мен шығармашылық алмасулар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу сияқты ынтымақтастықтың ауқымды контексті де бейнеленген.
- Арал теңізін қалпына келтіру – мемлекеттік саясаттың маңызды саласы. Бұл фильм мәселенің ауқымын және оны шешу жолдарын көрсетеді, жас ұрпақ үшін маңызды сабақ және елдің болашағы үшін жауапкершіліктің үлгісі саналады, - деп атап өтті Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысының Жапонияға сапары туралы деректі фильм мемлекеттің сыртқы саяси бағытын ашады.
- Бұл фильмдер елдің ішкі қиындықтарын қалай шешетіні және халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашатыны туралы тұтас көзқарас қалыптастырады,- деді Сәрсен Құранбек.
Көрсетілімнен кейін көрермендер де өз әсерлерімен бөлісті.
С.Рахимов атындағы әскери колледждің өкілі Гүлмира Оспанованың айтуынша, мұндай деректі фильмдер ел тарихын және оның халқын алаңдататын мәселелерді тереңірек түсінуге септігін тигізеді.
- Бұл жоба ел экономикасын дамыту және халықаралық байланысты нығайту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмысты көрсетеді. Біз Президентіміздің талмай еңбек етуіне, оның саясатына және еліміздің экономикасын дамытуға қосқан үлесіне куә болдық, - деп атап өтті ол.
Шымкенттегі Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Аманбаев атап өткендей, мұндай жобалар жастарды тәрбиелеу үшін өте маңызды.
- Бүгін біз Арал теңізінің тағдыры және Қазақстан Президентінің Жапонияға ресми сапары туралы фильмдерді көрдік. Бұл өте маңызды жоба. Арал теңізінің тағдыры - бүкіл ел мен халқымыздың тағдыры. Екінші фильмде біз Мемлекет басшысының орасан зор еңбегін, оның көреген саясатын және елдің экономикалық дамуына қосқан үлесін көрдік. Біз халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен Қазақстан мүддесін жаһандық аренада ілгерілетуге қосқан орасан зор күш-жігердің куәсі болдық, - деді ардагер.
Шымкенттік көрермен сонымен қатар «Серт» және «Travel Kazakhstan» деректі фильмдерін көрді. «Серт» көрермендерге Қазақстанның 2024 жылдың көктеміндегі жойқын су тасқынынан қалай өткенін көрсетеді. Мемлекет басшысының жеке басшылығымен апат салдарынан келтірілген залал тез арада қалпына келтірілді: жаңа үйлер салынды, инфрақұрылым қалпына келтірілді, адамдар үйлеріне оралды.
Елдің туристік әлеуетін көрсететін «Travel Kazakhstan» фильмі де көрерменнен оң пікір алды.
Көрермендер Қазақстанның әсем табиғатын, шабыттандыратын көріністерін және тарихи орындарын жаңаша көзқараспен көрді.
Айта кетейік, «Хроникадан - болашаққа» ұлттық кинолекторий Қазақстанның қазіргі тарихын баяндайтын деректі фильмдерді танымал етуге бағытталған.
Фильмдер қоғам мен мемлекет өміріндегі барлық маңызды оқиғаларды қамтиды. Бұл ауқымды білім беру жобасы Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Фильмдерді Президент телерадиокешенінің жеке өндіріс орны саналатын Деректі фильмдер орталығы түсірді. Сценарий авторы Нұрлан Қабдай, ал режиссерлері Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков. Фильмдердің көрсетілімі Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады.
Фильмдердің соңғы көрсетілімі 25 қыркүйекте Алматыда өтеді.
Көрсетілімдер аймақтық әкімдіктердің қолдауымен аймақтық кинотеатрларда өткізіледі. Кіру тегін.