Шымкентте прокуратура араласқаннан кейін инвесторға жер учаскесі берілді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен, инвестициялық жобаны іске асыру үшін жер учаскесін алу мәселесінде инвесторға қолдау көрсетті.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Шымкент қалалық прокуратурасының хабарлауынша, «OxyLine» ЖШС ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 750 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Прокуратура жүргізген талдау барысында инвесторға жер учаскесін беру мәселесі бұрын Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, қолдау таппағаны анықталды. Сонымен қатар қабылданған шешім жеткілікті негіздемесіз болғаны белгілі болды.

Мәселені жедел шешу мақсатында прокуратура прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Оның нәтижесінде инвесторға «Бозарық» индустриялық аймағынан жер учаскесі бөлінді.

Қазіргі уақытта әкімшілік кедергілер толықтай жойылып, инвестор жобаны іске асыру жұмыстарын бастады.

Шымкент қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 7 (707) 615-00-10 телефоны немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласуға шақырады.

Осыған дейін ШҚО-да прокуратура жер телімдерін беру рәсіміндегі заңсыз кедергілерді жойған болатын.